Шығыс Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жаңадан құрылған басқармалардың мамандарын кейс-менеджмент технологиясын қолдануға оқыту басталды. Бес күн бойы арнайы дайындықтан өткен тренерлер қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың мамандарына, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының қызметкерлеріне кейс-менеджменттің негізгі қағидаларын үйретеді. Оқыту барысында көмек көрсетуге кедергі келтіретін факторлар, балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеу ерекшеліктері қарастырылады. Мамандар баланың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған сапалы бағалау жүргізуді, мамандарды іріктеуді және ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыруды меңгереді. Сонымен қатар көмек көрсетудің құқықтық негіздері және басқа да маңызды мәселелер талқыланады. Оқыту барысында әрбір маманның ойлау жүйесін өзгертіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды сүйемелдеуге кешенді әрі жүйелі тәсілге көшуіне басымдық беріледі. Профилактика мен сүйемелдеудің заманауи тәсілдерін енгізу балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.





